«Аманат» азаматтық алаңы облыстық штабы құрылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің №5 оқу ғимаратында сайлау процесіне қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында құрылған «Аманат» азаматтық алаңы облыстық штабы өз жұмысын бастады.  
Оның құрамында қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері мен жастар бар.
Штаб жұмысы сайлауды өткізуге дайындық, заң қызметін көрсету, алғаш рет дауыс беретін жас сайлаушыларды оқыту шараларын жүргізу, әрбір сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылау желісін құру жұмыстарын атқарады.
Шараға облыстық штабтың басшысы Айгүл Дүйсенова, штаб басшысының орынбасары, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Халел Құсайынов, белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім қатысты.
— Қазақстанда бақылаушылар институты 1999 жылы құрылды. Бақылаушылар — сайлауға деген халықтың сенімін көрсететін, сондай-ақ сайлаудың ашық және әділ өтуін қамтамасыз ететін ұйымдар тобы. Олар бірнеше топқа бөлінеді. Олардың бірі — үміткерлердің бақылаушысы. Олар негізінен дауыстарды санау кезін бақылайды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлаудың Қазақстанның сайлау Заңына сай өтуін бақылайды.
Бақылаудың ең негізгі түрі — қысқа мерзімді бақылау. Дауыс берген күні сайлау уческесінде отыратын бақылаушылар, — деді Дос Көшім.
Айта кетейік, штаб 50 «мобильді капитанды» оқытып, олар облыстың барлық сайлау учаскелерінде бақылаушылар ретінде қызмет ететін болады