Жұмысқа орналастыру — маңызды проблема

— Біздің «Сенім-Тірек» қоғамдық бірлестігі  облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарын орындайды. Бұл жолы Ақтөбе облысы бойынша бас бостандығынан айырылғандар мен бұрын сотталғандарды  әлеуметтік бейімдеу мақсатында іс-шаралар өткізуге қатысты дөңгелек үстел басында талқылау ұйымдастырғалы отырмыз, —деді  қоғамдық бірлестіктің  төрағасы Теміржан Кундолов алдын ала журналистерге берген қысқаша сұхбатында.
Дөңгелек үстелге аталған мәселені шешуге мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, бас бостандығынан айырылғандар мен бұрын сотталғандарды  әлеуметтік бейімдеу проблемалары мен оларды шешу жолдарын кеңінен талқылады.
Басқосу барысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды қоғамға қосу мақсатында Ақтөбе қалалық ресурстық орталығымен меморандум жасалғаны, сол меморандум аясында спорттық, қоғамдық шараларға сотталғандардың қатысуы жоспарланғаны айтылды. Ақтөбе қаласы бойынша медиация орталығымен сотталғандарға құқықтық көмек көрсету мақсатында да меморандум жасалған. Мұнымен бірге, «Сенім-Тірек» қоғамдық қорымен сотталғандарды өкпе ауруына  қатысты тексерістен өткізу, профилактикалық жұмыстарын жүргізу келісілген.
— Ағымдағы жылдың үш айында Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздарға  қатысты 4 жәрмеңке өткізілді, оған 58 сотталған қатысып, 9 сотталған бағыттама қағазын  алды. Алайда ол жұмыс орындарының талаптары, жалақысы сотталғандарға сай келмеуіне байланысты әзір жұмысқа орналасқан жоқ, — деді  Ақтөбе қалалық Алматы аудандық пробация  қызметінің бастығы, әділет капитаны М.Мұсабаев.
Ал Астана ауданының пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы,  әділет капитаны Ж.Досымова жыл басынан бері пробация қызметінде 29 жұмыссыздың есепте тұрғанын айтып өтті. Оның ішінен жетеуі өз бетімен жұмыс тапқан. Қазіргі кезде 17 адам жұмыссыз, оның төртеуіне жұмыспен қамту орталығына жолдама берілген.
— Сотталғандардың әлеуметтік проблемаларының ең ауыры — жұмыс мәселесі. Мұны біздің қоғам өз күшімен шеше алмайды. Бұл жерде біз жұмыспен қамту, құқықтық қорғау сынды мүдделі мелекеттік органдардың қызметіне сүйенеміз. Жағдайды зерделеп, еңбекке тартуға, тұрақты жұмысқа орналастыруға ұсынамыз. Рас, біздің қоғамның құрамында психолог, заңгер мамандар ғана бар, олар сотталғандармен тікелей жұмыс жүргізеді, — деді  «Сенім-Тірек» қоғамдық бірлестігінің басшысы дөңгелек жиынында.