Бас жүлде — Әбілдаевтар отбасында! 

Кеше Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша үздік отбасыларды салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылдың 6 желтоқсанындағы өкіміне сәйкес, өнегелі құндылықтарды жаңғырту, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын болды. Бұл байқау дәстүрді сақтай отырып, Отанға деген сүйіспеншілік пен адамгершілік, рухани институтты нығайтуға жол ашады. Ерлі-зайыптылардың отбасындағы жауапкершілігі мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі де байқаудың маңыздылығын арттырады. Байқауға қатысқан үміткерлер өздерін еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік және ғылым жолындағы  жоғары жетістіктерін көрсетуге тырысады.
Биыл ұлттық байқау осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау үш кезең бойынша, яғни аудандық (қалалық), облыстық және республикалық деңгейде өткізіледі. Биыл бұл байқаудың облыстық кезеңіне қатысуға Ақтөбе облысы бойынша барлығы 500-ден астам өтініш түскен. Байқау қорытындысы бойынша іріктелген 38 үздік отбасы облыстық кезеңнің марапаттау салтанатына қатысуға мүмкіндік алыпты. Оның алтауы облыстық байқаудың жүлдегері атанды.
Салтанатты шарада театр ғимаратының кең залы көрерменге лық толды.
— Мемлекеттің өзі отбасынан құралады. Ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі отбасы құндылығын сақтауда үлкен маңызға ие. Ұлттық салт-дәстүріміз бен рухани құндылықтарымызды ұштастыра білгенде ғана берік отбасының қаланары сөзсіз. Қазіргі заманда осындай отбасының рөлін ескере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің нығаюы жолында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу ұйғарылған болатын. Бұл байқау биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын байқауға қатысушылар санының көбейіп келе жатқаны бізді қуантады. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтан ұлтымызға не тілейсіз деген уақытта: «Қазіргі жағдайда бір дастарқанның басында қазақтың үш ұрпағының бірге отырғанын тілеймін», — деп жауап беріпті. Сондықтан да еліміз тыныш болып, әрбір отбасыға амандық, бірлік тілеймін, — деп Оңдасын Оразалин жиналғандарды мерекемен құттықтады.
Биылғы байқаудың облыстық кезеңінде Ақтөбе қаласындағы Әбілдаевтар отбасы бас жүлдеге ие болды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған бұл отбасыға сахна төрінде құрмет көрсетті.
Бүгінде Әбілдаевтар отбасында жеті бала тәрбиеленіп жатыр. Ерлі-зайыпты Сайлаубек пен Бибігүл Әбілдаевтардың шаңырақ көтергеніне отыз жылдан асқан.  Көпбалалы ана тоғыз жылдан бері медиатор қызметін атқарып, нәтижесінде 400-ден астам отбасының ажырасуына тосқауыл болған.
— Шаңырақ көтергеннен кейін он бес жыл пәтер жалдап тұрдық. Бір кездері жолдасым қатерлі ауруға шалдығып, қиындықты бастан өткердік. Бүгінде көпбалалы отбасы атанып отырмыз. Отбасындағы барлық береке-бірлік әйелге байланысты деп ойлаймын. Мұны айтып отырған себебім, қазір мен Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығынан берілген бөлмеде медиаторлық қызмет атқарамын. Сол үшін әкімдіктегілерге ерекше алғысымды білдіремін.  Көпшілік жағдайда ажырасуға әйелдер тарапынан арыз-шағым түсіп жатады, ал ер-азаматтар ажырасудан бас тартады. Мұндай кезде біз оларды бір-бірімен табыстыру үшін әрекет ееміз. Мәселен, соңғы бес күнде соттан алдымызға 12 отбасы келді. Соның жетеуін қайта табыстырудың мүмкіндігі туды. Яғни, олар біздің тарапымыздан жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде  ажырасуға  жазған арыздарын қайтып алуға ниеттенді, — дейді «Алтын алқа» иегері Бибігүл Әбілдаева.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында бірінші орынды Мұғалжар ауданындағы Исимбетовтер отбасы иеленді. Байғанин ауданында ауылшаруашылық саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген Жексенбаевтар және қобдалық Решетняктар отбасы облыстық кезеңнің екінші орын жеңімпаздары болса, ойылдық Мұхтаровтар және ырғыздық Қоқашевтар отбасы үшінші орынға ие болды. Салтанатты шарада жеңімпаз отбасыларға арнайы дипломдармен қатар, еліміздің түрлі сауықтыру шипажайларына, ал  балаларға жазғы лагерьлерге тынығуға жолдамалар берілді.
Мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.