Ақтөбеде  БАҚ қызметкерлері  күні аталып өтті

 28-маусым, жұма  күні Ақтөбе  облысында  БАҚ өкілдерінің төл мерекелері аталып өтілді. Салтанатты  шара «Green Land» демалыс  орнында  ұйымдастырылды. Төртінші билік  өкілдерін облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы  құттықтады.«Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев журналистер қауымына үлкен сый жасап 28 маусымды «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні» деп ресми атау беріп, мерекелер қатарына енгізді.Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз - халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі қоғамымызда әлі де өзектілігін жойған емес. Төртінші билік деп аталатын журналистика қызығы мен қиындығы қатар жүретін қастерлі мамандық болса, ақпарат майданында күні-түні тынбай қызмет ететін журналистер қауымы жақсылықтың жаршысы”,-деп атап өтті облыс әкімі.Аймақ басшысы  еңбегі еленген бір топ журналисті  марапаттады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі мен «Құрмет» грамотасымен 5 азамат, Қазақстан журналистер одағының«Қазақстанның құрметті журналисі» атағы бір еңбек ардагеріне берілсе, 20 журналистке облыс әкімінің алғыс хатымен, қомақты қаржылай сыйлығы тапсырылды. Сонымен қатар, қала әкімдігі мен, басқармалар атынан да   ондаған   қаламгер марапатталды.Бүгінде Ақтөбе облысында 55 БАҚ жұмыс жасауда. Оның ішінде іргелі, өзіндік тарихы бар бұқаралық ақпарат құралдары баршылық. Соның ішінде – жақында ғана 95-жылдық мерейтойы болған облыстық «Ақтөбе» газетін атап өтуге болады.Сонымен бірге, қаламен қатар облыс оқырмандарына танымал «Эврика» газетіне де 25 жыл толып отыр.Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.