«Бірге — таза Қазақстан»: 5 мың ақтөбеліктің үлесі

Бейсенбі күні республикалық «Бірге — Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 300-ге жуық адам қала сыртындағы «Шұғыла» лагерінен «Тау» демалыс базасына дейінгі аумақты күл-қоқыстан тазалады. Аталған акцияға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрайымы Айгүл Соловьева, «Konrad Adenauer» қорының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм, сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшелері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, «Жасыл ел» жасағының жастары қатысты.
Акцияның салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов экологиялық акцияға қатысқан барлық ақтөбеліктерге облыс басшылығы атынан ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта аталған акцияға 5 мыңға жуық адам қатысатынын жеткізді.
  • «Бірге — Таза Қазақстан» акциясы аясында әр аумақта жүргізілетін сенбіліктерге 5 мыңнан астам ақтөбелік өз үлесін қоспақ. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, белсенді жастар, тіпті мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Бұл — үлкен бастама, сондықтан табиғат үшін, қаламыздың тазалығы үшін бірлесіп, әр сенбілік сайын осындай іс-шараларға ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен қатысайық! Қоршаған ортаға мейіріммен қарап, өз қамқорлығымызды, табиғатқа деген жанашырлығымызды көрсетейік! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, акцияға жұмыла атсалысып, қаламызды күл-қоқыстан тазартайық, — деді Қ.Бекенов.
Бұдан кейін сөз сөйлеген Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрайымы Айгүл Соловьева Нұрсұлтан қаласынан басталған экологиялық акцияның мақсатына тоқталып, барша ақтөбелікті аталған акцияға қатысуға шақырды.
— Өздеріңіз білесіздер, Нұрсұлтан қаласында Прьемьер-Министр бастаған топ экологиялық акцияға қатысып, бүгінде бұл игілікті шара өңір-өңірде жалғасып жатыр. Осы аптада Ақтөбе облысы бас қаладан басталған акцияны іліп әкетіп, бүгін, міне, «Таза бейсенбі» шарасын өткізуде. Алдағы уақытта экология министрлігінің бастамасыменелімізде балабақшадан бастап университетке дейін білім алушыларға экологиялық сағаттар өтетін болады. Біз осы шара аясында өз мәдениетімізді қалыптастырып, тұратын аумағымызды тазалап, сенбілік жұмыстарына атсалысуымыз керек. Табиғат тазалықты сүйеді, олай болса, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, табиғатты аялау — әрбір тұрғынның міндеті. Сондықтан барлық ақтөбелікке қауымдастық атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді А.Соловьева.
Шарада «Konrad Adenauer» қорының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм,
Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының мүшесі Болат Халықбаев, т.б. жастар мен қала тұрғындарын экологиялық акцияны бірауыздан қолдап, оған жаппай қатысуға шақырды.
Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаевтың айтуынша, «Бірге — Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғам белсенділері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар алдағы уақытта қала бойынша белгіленген 10 аумақты күл-қоқыстан тазартады.
— Аталған акция аясында алдағы уақытта «Ақжар» көпірінің маңы, Қызылжар елді мекені аумағындағы Жаман Қарғалы өзені, Ақтөбе су қоймасы, Елек, Қарғалы, Сазды өзендері, сондай-ақ Кеңес Нокин, Пригородный ауылдары, сондай-ақ Қисық көлінің маңына әр сенбі сайын тазалық жұмыстары жүргізілетін болады. Әр аумаққа арнайы жүк тиегіш көліктер жұмылдырылып, қоқыстар тұрмыстық қалдықтар полигонына жеткізіледі. Бүгін «Таза бейсенбі» шарасы аясында тұрғындар мен белсенділер алдымен бұрынғы «Энергетик» аталатын, қазіргі «Шұғыла» лагері аумағынан бастап «Тау» демалыс базасына дейінгі аумақты тазартып жатыр, — дейді А.Әлімбаев.
Айта кету керек, экологиялық челленджге «Жасыл ел» жасағының жастары да өз үлесін қосуда. Жасақ жауынгерлері әлеуметтік желі арқылы облыс жастарын аталған акцияға қатысуға шақырды.
«Жасыл ел» жасағының жауынгері, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 4-курс студенті Ақмоншақ Амандәулеттің айтуынша, мұндай шараның жастар үшін маңызы зор. Себебі жастар қоршаған ортаға, табиғатқа жанашыр болып, тазалықты сақтауға, жауапкершілікті сезінуге үйренеді.
— Менің «Жасыл ел» жасағында жұмыс жасап жатқаныма биыл үшінші жыл. Мұндамен адал достар тауып, өз уақытымды қызықты өткізіп жатырмын. Сондай-ақ «Жасыл елде» жүріп өз-өзімізді еңбекке баулимыз, қала аумағын қоқыстан тазартып, ағаш, тал егеміз. Ал бүгін барлық жауынгерлер «Таза бейсенбі» шарасына қатысып, қаланың тазалығына өз үлесімізді қосып жатырмыз. «Жасыл ел» жасағы атынан мен барлық қала жастарына осы челленджді жолдай отырып, оларды сенбілікке атсалысуға шақырамын, — дейді Ақмоншақ.Ал «Konrad Adenauer» қорының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм Ақтөбеге келген жұмыс сапарында аталған ауқымды акцияға қатысып, ақтөбеліктермен жүздескеніне өте қуанышты.
  • Барлық жастар, қала тұрғындары өте белсенді, олар қала тазалығына ерекше назар аударып, бірлесіп сенбілікке қатысып жатыр. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылса, табиғат таза, ал қоқыс аз болар еді. Біздің Германияда мұндай ауқымды сенбілік ұйымдастырылмайды. Тек көктем айларында ғана «Көктемгі тазалық» атты акция өткізіледі. Алайда оған белгілі бір топтың немесе клубтың мүшелері ғана қатысады. Олар өздері тұратын аумақты тазалап, сенбілік өткізеді. Көзімізбен көргендей, Қазақстанда тазалыққа, экологиялық мәселелерге байланысты ауқымды шаралар көп өтеді, — дейді Томас Хельм.
Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан Эко-челлендж қозғалысын толық қолдайтынын жеткізіп, барлық облысты ауқымды шараға қатысуға шақырды.