Биыл мектеп пен интернат пайдалануға беріледі

«Бірге»
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Хромтау ауданының активімен кездесті. Кездесу аудан әкімдігінің жаңа ғимаратында өтті.
Хромтау ауданына барған қоғамдық кеңес мүшелерінің қатарында еңбек ардагерлері Келдібай Еспағамбетов, Нұрбәтес Тобағабылова, кәсіпкер Бижан Қалмағамбетов, «Ербақыт» патриоттық-спорт клубының жетекшісі Марат Қойлыбаев, «Берекет» қоғамдық қорының директоры Алма Қанатбаева, облыстық мәслихаттың депутаты Хайдар Ілиясов бар.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен ашық диалог құра отырып жұмыс істейтінін айтқан болатын. Елімізде «Бірге» жалпыұлттық акциясы басталғаны да белгілі. Қоғамдық кеңес мүшелерінің де мақсаты — осы. Халықтың әлеуметтік мәселелерін өз көздерімен көріп, көрген олқылықтарына қатысты пікірлерін билікке жеткізу.
Әуелі облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бағлан Баймағамбетов кіріспе сөз сөйледі. Одан әрі қоғамдық кеңес мүшесі Келдібай Еспағамбетов қоғамдық кеңестің алты комиссия бойынша жұмыс істейтінін, өзі бір комиссияны басқаратынын, облыстағы 380 елді мекеннің 221-ін аралап шыққанын, әсіресе, ауыл мәселелеріне, ауыл шаруашылығына бүйрегі бұрып тұратынын айтты.  Сосын аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Ашабаев, «Қазақ тілі» қоғамының Хромтаудағы филиалының төрайымы Мариям Төреғалиқызы сөз сөйледі.
Аудан әкімі Нағымжан Алдияров Хромтау ауданын басқарғанына небәрі он шақты күн ғана болғанын, осы уақыт ішінде барлық 14 ауылдық округті аралап шыққанын, Хромтаудың жалпы әлеуеті мол аудан екенін айтты.
— Ауданда газ бен су мәселелері жоқ деуге болады. Елден бұрын газ жаққан ауданның газбен қамтылуы — 97 пайыз. Сумен қамтамасыз етілуі де осы деңгейде. Әрине, жол мәселесі бар, олқылықтарды болдырмау — алдағы күннің еншісінде. Халықтың жұмыспен қамтылуы да жақсы. 7,5 мың адам тек шахталарда жұмыс істейді. Ал инвестиция тартуға келер болсақ, 25 миллиард теңге инвестиция тартылып отыр. Жалпы, мұнда аудандық әкімдік пен Дөң тау-кен байыту комбинаты бірлесіп ынтымақтастықта жұмыс істеп отырады, — деді аудан әкімі Нағымжан Алдияров.
Активпен кездесуден соң аудан әкімі қоғамдық кеңес мүшелеріне аудан орталығында бой көтеріп келе жатқан 22-кварталды, ол жерде салынып жатқан құрылыс нысандарын көрсетті.
Әуелі салынып жатқан 320 орындық балабақшаны көрдік. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. 22-кварталдың кішкентай балақайлары үшін арнайы осы жерге салынып жатыр.
Сосын осы маңда салынып жатқан 600 орындық мектеп пен 100 орындық интернат құрылысын араладық.
— 1 қыркүйекке дейін құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл құрылысқа республикалық және облыстық бюджттен бір жарым миллиард теңге жұмсалды, — деді аудан әкімінің орынбасары Сәндібек Жаконов.
Одан әрі қоғамдық кеңестің мүшелері Хромтаудағы тау-кен колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты.
— Біздің колледжіміз 40 жылдан бері өзіміздің комбинатқа маман даярлап келеді. Қазіргі таңда колледжімізде 560 оқушы 10 мамандық бойынша білім алып жатыр. Колледжде Елорда мен Оралдан келіп оқып жатқандар да бар. Біздің түлектердің 96 пайызы жұмыспен қамтылады. Өйткені комбинат арнайы тапсырыс беріп отырады. Өздері тәжірибеден өткізіп, өздері жұмысқа қабылдайды. Сол үшін де біз қазір еліміздегі колледждер арасында алғашқы бестікте тұрмыз. Ал облыстағы аккредитациядан өткен 5 колледждің біріміз, — деді директордың орынбасары Марал Біржанов.
Қоғамдық кеңестің мүшелері алдағы уақытта да басқа аудандарға шығып, халықтың әлеуметтік жағдайымен танысып, оларды сараптап-саралап, билік басындағыларға өздерінің көрген-білгендерін жеткізіп, пікірлерін білдіріп отыратындарын айтты. Хромтаудың қашаннан да өз мәселесін өзі шешіп келе жатқан әлеуеті зор аудан екенін бәрі де біледі. Алайда хромтаулық жастар мен жасөспірімдердің қылмысқа көп ұрынатыны бұрыннан жасырын емес. Осы жағынан келгенде балалар мен жасөспірімдерді спортқа, мәдениетке баулу үшін үлкен жаттығу залдары мен мәдениет үйі қажеттігін алға тартты. Аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Молдашев ауадай қажет екі нысанның да ауданның бас жоспарында қарастырылғанын айтып берді.