Үш мыңнан аса тал егілді

Республикалық «Экологиялық сағат» байқауына ақтөбеліктер белсене қатысты. Сенбі күні Ақтөбе қаласындағы барлық басқармалар мен мекемелер тал екті. Жалпы акцияға екі мыңнан астам адам қатысып, 3100 көшет егілді.
Тал егу жұмыстары қаланың барлық аумағында жүрді. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов  ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық және демалыс саябағындағы шараға қатысты. Бұл жерге қаладағы діни бірлестік өкілдері мен еріктілер  тал екті. Облыс әкімінің орынбасары аталған шараның қаланың экологиялық жағдайына оң әсер ететінін айтып, жиналған жастармен бірге тал екті.
— «Экологиялық сағат»  акциясы жазда басталды. «Жақсылық жаса», «Біз қаланы көркейтеміз!» деген ұранмен түрлі шаралар ұйымдастырылды. Ал бұл жолы тек тал егіп қана қоймаймыз, экомарафон ұйымдастырамыз. Осы алаңнан бастап Марат Оспанов көшесіне дейін жаяу жүріп, жүрген жерімізді қоқыстан тазартамыз. Сонымен бірге қаладағы №2  балалар спорт мектебінде лазертагтан спорттық шара өтеді, — деді облыстық «Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенова.
Діни бірлестіктер 60 үйеңкі ағашының көшетін екті. Осылайша, «Рухани келісім» аллеясының алғашқы шыбықтары егілді.
— Бүгін «Рухани келісім» аллеясы ашылып, алғашқы талдардың егілгені көңілге қуаныш ұялатты.  «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші,  демалыс орнында егілген жас шыбықтар уақыт өте биік талға айналатынына сенімдімін, — деді «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Жаншин.
Сондай-ақ Ақтөбе-Орск тасжолының бойы мен Ә.Молдағұлова даңғылының бойындағы  «Шалқар» аллеясында және қаланың жер-жерінде жаппай тал егу акциясы белсенді түрде жүргізілді.  Мәселен, «Шалқар» аллеясында облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова бастаған облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері тал екті. Облыстық басқармалар да акцияға белсене қатысты. Медицина қызметкерлері Ақтөбе медициналық орталығының алаңына 1000 көшет екті. Білім басқармасының қызметкерлері өздеріне бекітілген аумаққа санитарлық тазалық жүргізіп, 35 көшет екті. Оның ішінде долана, мойыл, алма ағаштарының көшеттері бар.
Ал облыстық спорт басқармасының қызметкерлері мен танымал спортшылар  Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат және колледжінің ауласына 40 түп қарағай екті.  Акцияға аудандар да  өз үлесін қосты. Аудан әкімдіктері мен мекемелер, білім беру ұйымдары белсенділік танытты, яғни барлық жерде тал егу жұмыстары қызу жүрді.
Жалпы акцияны өткізудегі негізгі мақсат — экологиялық ахуалды жақсарту, елімізді көгалдандыру.