Ақпараттық топ Қарғалы ауданын аралады

14-15 қазанда «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында ақпараттық  топ өкілдері Қарғалы ауданына барып, тұрғындармен кездесулер өткізді.
Тұрғындарды қабылдады, кеңес берді
Құрамында тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдуллаев, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бақыт Айдосов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының кеңесшісі Талант Әділханұлы, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің сарапшысы Айгүл Жанасаева бар ақпараттық топ алдымен аудан орталығындағы әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтің төрағалығымен өткен кездесуге қатысты.
Жиында Асқар Жүсібалиев аудан активі мен тұрғындарға ақпараттық топ мүшелерін таныстырып, жобаның басты мақсаты мен міндетін түсіндірді, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған басым бағыттарға тоқталып өтті.
Бұдан кейін басқосуда Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин облыста үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының маңыздылығына тоқталып, кешенді түрде жүргізілген ауқымды түсіндіру жұмыстарының нә­тижесінде халықты алаңдатып жүрген бірқатар әлеуметтік-тұрмыс­тық мәселелер шешімін тапқанын жеткізді.
Биылғы жылдың 20 тамызында облыс әкімі Оң­да­сын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес жалғасын тапқан «Ха­лық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында біз Ақтөбе қа­ласы мен облыс аудандарында тұрғындармен кездесіп жатырмыз. Жобаның негізгі мақсаты — өңірдегі әлеуметтік мәселелерге басымдық бе­ру, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған бағыттар мен міндеттерді халыққа түсіндіру, ауыл-аймақтарда тұрып жатқан халықтың жағдайын көзімізбен көріп, олардың мұң-мұқтажын билікке жеткізу, — деген Ахат Мырзалин жиналғандарға еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда жеткен жетістіктеріне тоқталып, өзінің ой-пікірін білдірді.
Жиында сондай-ақ жоба аясында аудан тұрғындарына кәсіпкерлік саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келген тағы бір топтың жетекшісі, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Айзада Тоқсанбаева сөз сөйледі.
Оның айтуынша, аталған жоба аясында бүгінге дейін облыста, оның ішінде Қарғалы ауданында кәсіпкерлік саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, сондай-ақ оларға қатысудың шарттары туралы кеңес алғандар көп.
— Біздің жұмыс тобының мүшелері осы жоба аясында аудан тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіріп, олардың жаңадан кәсіп ашып, не өз кәсібін дамытуына ықпал жасап, жан-жақты қолдау көрсетеді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында біз облыста жылына бір рет конкурс өткізіп, бағдарламаға қатысып, жобасын қорғаған азаматтарға грант береміз. Атап айтсақ, өткен жылы осы бағдарлама аясында 18 адам 40 миллион теңге грант ұтып алса, биыл жыл басынан бері 33 адам 61 миллион теңге көлемінде грант алып отыр. Соның ішінде Қарғалы ауданынан бір адам өз жобасын сәтті қорғап шықты. Негізінен, біздің осы жоба аясында аудандарды аралаудағы басты мақсатымыз — елді мекендердегі жұмыссыз, дін жолында жүрген адамдарға бағыт-бағдар беру, бизнес саласы бойынша мешіт жамағаттарымен, жұмыссыз әйелдермен кездесіп, оларға шеберлік кластарын өткізу. Сондай-ақ «Бизнес-кеңесші», «Бастау-бизнес» жобаларын түсіндіріп, аудан, ауыл тұрғындарын оқыту курстарына қатыстыру.
Айта кету керек, бүгінгі күні облыста белсенді орта және шағын бизнес субъектілерінің саны 56 мыңнан асады. Әсіресе, бұл салада елді мекен тұрғындарының үлесі жыл сайын артып келеді, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Айзада Тоқсанбаева.
Жиыннан соң топ өкілдері бизнес саласы бойынша тұрғындарды қабылдап, жан-жақты кеңес беріп, кәсіп ашқысы келетін азаматтарға бағдарламалардың тиімділігін түсіндірді.
Айта кету керек, топ өкілдерінің қатарында облыстық кәсіпкерлік басқармасының, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің, «ҚР Ұлттық банкі» АҚ Ақтөбе филиалы, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, «ҚазАгроФинанс» АҚ Ақтөбе филиалы, сондай-ақ «Даму» қорының мамандары бар.
Сондай-ақ ақпараттық топ мүшелері мемлекеттік қызметкерлер мен ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың қойған сауалдарына жауап берді.
Кездесу барысында топ өкілдері жобаның мақсаты туралы жан-жақты түсіндіріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, баспана алу мәселелері бойынша кеңес берді.
Жолдауды талқылап, сертификаттар табыстады
Бұдан кейін ақпараттық топ мүшелері Қосестек ауылындағы Қосестек орта мектебінде ауыл тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдуллаев бүгінде билік халықтың әл-ауқатын көтеруге ба­са назар аударып отырғанын, сондай-ақ әртүрлі саладағы өзекті әрі көкейтесті мәселелерді шешуде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүр­гізудің маңыздылығы жоғары екенін жеткізді.
— Біздің ауылдарды аралап жүргендегі басты мақсатымыз — халықтың хал-жағдайымен танысу, облыс көлемінде, жергілікті жерлерде шешілмей жатқан қандай мәселелердің бар екенін білу, оларды басшыларға жеткізу, бір сөзбен айтқанда, халықтың үнін, мұңын тыңдау, — деген ол тұрғындарға Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көтерілген негізгі мәселелерге жеке-жеке тоқталды.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда айтқан бастамалары халықтың көкейінде жүрген мәселелермен ұштасып, тұрғындардың оң пікірі мен қызу қолдауына ие болған. Енді алдағы міндет — Жолдаудағы тапсырмаларды сапалы жүзеге асыру, онда айтылған мәселелерді халыққа насихаттау, дұрыс жеткізу.  
Бұдан кейін кездесуде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің сарапшысы Айгүл Жанасаева тұрғындарға келер жылдан бастап елімізде жүзеге асырылатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Шара соңында топ жетекшісі, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бақыт Айдосов Қосестек ауылының белсенді жастары мен бірнеше тұрғынына облыстық «Актюбинский вестник» және аудандық «Қарғалы» газеттерінің тегін сертификаттарын табыс етті. Сондай-ақ ауыл тұрғындары «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының кеңесшісі Талант Әділханұлынан аталған банк арқылы төмен пайызбен облыс орталығындағы «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 аудандарынан тұрғын үй алу мүмкіндігі туралы сұрап, кеңес алды.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары атынан сөз сөйлеген ауыл ақсақалы Сағынтай Дәулетов бүгінде 1600-ге жуық халқы бар ауылға ауызсу да, көгілдір отын да келгенін, еңбек еткен адамға ауылдың жағдайы жақсы екенін айта келе, арнайы келген ақпараттық топ өкілдеріне ризашылығын жеткізді.
Тұрғындарға қолжетімді баспана алу жайы түсіндірілді
Топ мүшелері Желтау ауылдық округінің орталығы Петропавловка ауылына да барды. Ауылдық клубта өткен кездесуде топ өкілдері Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған басым бағыттар мен міндеттер туралы әңгімелеп, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Жиында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының көшбасшы-кеңесшісі
Талант Әділханұлы ауыл тұрғындарына «Өз үйім», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары туралы айтып берді.
Оның айтуынша, бүгінгі күні қала тұрғындарымен қатар ауыл тұрғындарының да есепшот ашып, болашақта облыс орталығынан баспана алуға толық мүмкіндігі бар.
Кездесулерде аудан, ауыл тұрғындарына банктің тарапынан қандай тиімді ұсыныстар бар екенін, мәселен, төмен пайызбен, ең төменгі жарнамен баспана алудың қандай жолдары бар екенін түсіндіріп жатырмыз. Қызығушылық танытып, есепшот ашуға ынталанған азаматтар бар. Айта кету керек, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша төмен пайызбен тұрғын үйлер беріліп жатыр. Ол үшін тұрғындар біздің банкке келіп, есепшот ашып, қатысатын бағдарламасы туралы кеңінен ақпарат алып, құжаттарын дайындаса болады, — дейді ол.
Айта кету керек, ақпараттық топ мүшелері бұдан кейін Әлімбет, Ащылысай, Велиховка ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті. Топ өкілдері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі, баспана алу мүмкіндігі, кәсіп ашу, несие алу, т.б. мәселелер бойынша кеңес алып, шеберлік кластарына қатысты.