Әр сұраққа тиянақты жауап берілді

Осыдан кейін облыс әкімі журналистердің сауалдарына  жауап берді.
Маржан Қожамжарова, Орталық коммуникациялар қызметі модераторы:
— Ақтөбе өндірістік аймағы бола тұра, индустриалды парктің құрылуының  қаншалықты  қажеттілігі бар?
Оңдасын Оразалин:
— Соңғы кезде аймақтың экономикалық қуаты едәуір өсіп, отандық инвесторлар мен шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып  жатыр. Қазіргі өндірістік аймақтың жұмыс істеуі оның қызметін кеңейту мүмкіндігін қажет етіп отыр. Бұл арнайы кедендік, салықтық базаның рәсімдеу тәртібінің ерекше жүйесін және индустриалды паркті құруды қажет етті. Өндірістік аймақ та, өндірістік парк те, дербес жұмыс істейтін екі бөлек құрылым.
Өңірдің инвестициялық ағынын арттыру мақсатында «Евразия» әлеуметтік экономикалық аймағы мен түрік инвесторларының «GOSB» индустриалды паркін  құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыру қосымша 500 миллиард теңгеден астам қаражат тартуға, кемінде 15 мың жаңа жұмыс орнын  ашуға мүмкіндік береді. Стамбул қаласының іргесінде 330 гектар жерге құрылған өндірістік паркте 27 мың жұмыс орны құрылып, ірі трансұлттық компаниялар  табысты жұмыс істеп, экологиялық таза өнім шығарып отыр.
Түрік инвесторлары біздің еліміздегі жеңілдетілген салық базасына  қызығушылық танытып отыр. Олар біз арқылы өз өнімдерін РФ, Беларусь, Орталық Азия республикаларына шығара алатын жақсы мүмкіндік бар деп есептейді.
Ербол Тұрымбет, КТК телеарнасы:
— Әлеуметтік желіде көп жарияланған тікұшақ мәселесін түсіндіріп берсеңіз?  Екінші сұрағым, өткен күндерде Самара-Шымкент тасжолында жолда қалған көлік жолаушыларына  көмек кешігіп жетті. Аяқастынан қар жауғанда, облыстағы жолға жауапты мекеменің техникасы неге дайын болмады? Ағаштар дұрыс егілмей, қурап қалды деген әңгіме шықты. Оны жөнге келтіру үшін Ресейден арнайы адам шақырып жатыр екенсіздер. Оның қажеті не?
Оңдасын Оразалин:
— Төтенше жағдайға байланысты арнайы тікұшақпен ұшу бюджетте қарастырылған. Бұл жерде ең қашықта орналасқан аумаққа, экологиялық апат қаупі төнген, мұнай қалдықтары төгілген жерді көзбен көріп, жағдайды бағалау үшін тиісті мамандармен бірге бардық. Жалпы, мен кез келген мәселені көзіммен көріп, құлағыммен естігенді жөн көремін. Сол үшін де ауылдарды аралауға  демалыс күндері автокөлікпен шығамын. Ал төтенше жағдай туындағанда, жедел шара қолдану қажет болған жағдайда, тікұшақпен де ұшуға болады. Бұл жөніндегі шығындар бюджетте  қарастырылған.
Қаланы көгалдандыру жұмыстарында кемшіліктер болды. Ақтөбенің мәселесі – суару мәселесі. Біздің жақтың жер жағдайының ерекшелігі сол, ағаш екпес бұрын суаруды жоспарлау керек. Ағаш егу үшін неге ресейлік маман шақыртылады деген сұрағыңызға келсек, ресейлік бола ма, қазақстандық бола ма, маманның аты — маман. Бұл мәселемен бізде қоғамдық белсенділер көмегіне сүйеніп, Ақтөбе қаласының әкімі айналысып отыр. Көршіміз бұл жағынан жетістікке жетсе, меніңше, олардың тәжірибесін алуға болады.
Егілген ағаштың қурап  қалғаны, әрине, өкінішті жағдай. Қысқа дайындық, жолда  ондаған көліктің тұрып  қалуы туралы сұрағыңызға келсек, бұл жерде екі  мәселе анықталды. Біріншіден, қар жауғанда, тиісті мекеме қызметкерлері жолды жаппаған. Екіншіден, жол тазарту мекемесінің дайындалмағанын көрсетті.  Кемшіліктер түзетілмесе, тиісті шаралар алынады.
 Марат Башимов, «Человек и закон» басылымы:
— Ақтөбе — ірі өндірістік аймақ. Мұндағы ірі өндірістік мекемелердің тазартқыш қондырғыларын қондыруы әлі күнге дейін шешілмеген мәселе. Осыған  қандай шара қолданасыздар?
Оңдасын Оразалин:
— Ауаны ластайтын кәсіпорындарға байланысты тиісті шара қолдануды жоспарлап отырмыз. Бірақ ауа сапасына байланысты жүргізілген мониторингтер бойынша бізде қажетті ақпараттар жеткіліксіз. Мониторингтерді заңды түрде жүргізуді шешу ауа ластаушыларға қатысты сотқа жүгінуді де жеңілдетеді.
Айша Кутубаева, «Литер» газеті:
— Индустрия министрлігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанның батыс облыстары жарамсыз жолдары бойынша ең алдыңғы орында тұр. Сіз жол құрылысына 43 миллиард теңге бөлінді деп айттыңыз. Бұл әлгі 500 шақырым жол жөндеуге бөлінген  қаржы ма? Жалпы, облыстағы жарамсыз жолдар  қанша?
Оңдасын Оразалин:
— Республикалық баланстағы жолдар бар, облыстық баланстағы жолдар бар.  Әрине, бізді облыс аумағындағы жолдардың 47 пайызының жарамсыздығы қынжылтады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізіндегі, басқа да републикалық  маңызды жолдар бар. Қазір көлік ағыны өте көбейгендіктен, республикалық маңызы бар, соның ішінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізіндегі учаскелер кеңейтуді  қажет етеді.
Келесі жылға жоспарланған  жергілікті жолдарды жөндеу жаңа технологияларды қолдану арқылы іске асырылатын болады. Облыс орталығы мен аудан орталықтарындағы көшелер мен жолдардың жағдайы көп жағдайда  қанағаттанарлықсыз. Адамдар бұл жөнінде әлеуметтік желіде де жасырмай жазып жатыр. Қаладағы жаяу жүргіншілер жүретін жерлер, суағарлар, автокөлік аялдамаларының да жағдайы мәз емес. Бұл жағынан қазір Ақтөбе қаласының әкімі қоғам белсенділерімен бірлесе жұмыс істеп жатыр.
Кенжегүл Тоқтарбайқызы, «Азаттық рухы»:
— Мен өңірдегі теріс діни ағым жетегіндегілер саны, Ақтөбе мектептерінде орамал  таққандардың балаларын мектепке кіргізбеу мәселесі, банкроттық алдындағы шаруа қожалықтарының жайы,  атаулы әлеуметтік көмек мәселесі туралы білгім келеді. Соның ішінде Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындардың 17 миллион теңгеден астамы кері қайтарылып алынған. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алатын жандар қатарының көптігін көрсете ме? Шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың еңбекақы айырмашылығына қалай қарайсыз? Кеше «Восток-нефть» компаниясының жұмысшыларының еңбекақы дауы туралы не дейсіз?
Оңдасын Оразалин:
— Теріс ағымдағы азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізіп, мамандық алу, кәсіпкерлікке баулу, құқық қорғау органдарының жұмысының арқасында, олардың саны  2500-ден 1980-ге азайды. Орамалға байланысты мәселе бар. Былтыр 7 қыз бала мектеп ережесін сақтамағаны үшін сабаққа қатыспады. Биыл 2 қыз бала оқымай жүр. Зайырлы мемлекет болған соң барлық  бала  тегін білім алуға тиіс делінсе де, оқушылар жалпыға бірдей мектеп ережесін сақтауы тиіс.
Республика көлемінде субсидияның азаюына байланысты шаруа қожалықтары наразылық білдірді. Бұл жағдай Үкімет назарында.
АҚШ-та 5 мың доллар алатын маман одан төмен жалақыға  біздің жаққа келмейді. Жоғары санаттағы маман шақырылса, жөні басқа, Ел Үкіметі шетелден 3,4-санаттағы жұмысшыларды әкелуге  қатаң тыйым салып отыр. Оның орнына  қазақстандық азаматтарды жұмысқа қабылдауды міндеттейді. Бұл — оңды шешім.  «Восток-нефть» ЖШС-ындағы жалақы дауы келіссөз арқасында оң шешімін тапты. Әрине, еңбекақыны бірден 50 пайызға көтеру туралы талапты компанияның экономикалық жағдайы көтере ала ма, бұл басқа әңгіме.
Облыста табысын жасырып атаулы әлеуметтік көмек алған  отбасылардан 17 миллион теңге мемлекетке қайта өндірілді. Облыста атаулы әлеуметтік көмек алуға 27 мыңнан астам адам арызданса, оның 19 мыңына ғана тағайындалды. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен  жағдайы төмен отбасы балаларының тамақтануына мектептерде 70 пайыз жеңілдік қарастырылды.