Өңірдің экономикалық қуаты артса, тұрғындардың өмір сапасы жақсарады

Кеше Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша  брифинг өткізді. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын  жақсарту бойынша ел басшылығының тапсырмалары табысты жүзеге асырылуда.  Соның ішінде өнеркәсіп көлемі  5,8 %,  инвестиция — 6,1%, ауыл шаруашылығы — 1,7%, құрылыс — 3,4%,тұрғын үйді пайдалануға беру 16,7%, сауда 2,5 %-ға өскен. Жұмыссыздық деңгейі — 4,8%. Облыстағы орташа айлық —150 мың теңге, ең төменгі айлық — 60-70 мың теңге. 10 айдың ішінде 20 мың жұмыс орны ашылған. Елбасының  бюджет саласының қызметкерлерінің орташа еңбекақысын көтеру туралы тапсырмасына сәйкес,  Ақтөбе облысындағы 54 мың бюджеттік сала қызметкерінің  жалақысы 30%-ға өсірілген.
Осы бастаманы  облыстың 100-ден астам ірі және орта кәсіпорындары қолдап,  жалақыны орта есеппен 15%-ға көтерген.  Бұл 46 мыңнан астам ақтөбелікті қамтыды.
Аймақтағы ірі жобалар, экология, жұмыспен қамту, автокөлік жолдары, инфрақұрылымдар, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік сектор  туралы баяндаған облыс әкімі содан кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Жыл соңына дейін 600 миллиард теңге инвестиция  тартылады
Соңғы айларда Ақтөбе облысының инвестициялық тартымдылығының өсуіне бизнеске айрықша мүмкіндіктердің туғызылуы өңір экономикасына да жағымды әсер ете бастады. Жыл соңына дейін өңір экономикасына 600 миллиард теңге инвестиция  тарту жоспарланды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда, 5%-ға көп. 2024 жылға дейін оның көлемі  1,6 трлн теңгеге дейін арттырылмақ. Сонымен  қатар Ақтөбе облысында шетел инвесторларының қатысуымен 140 миллиард теңгенің 25 инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Артықшылық берілген жобалар: тау-кен комбинаты, мыс-қорғасын кенін терең өңдеу, жел электр стансасы, түйіршіктелген ферроқорытпа қалдықтарын терең өңдеу,  құрылыс материалдары, керамикалық плита, керамогранит зауыты. Салынуы 2021 жылдың соңына жоспарланған «AltynEx» тау-кен комбинатының қуаттылығы жылына 5 миллион тонна алтын кенін өндіріп, 700 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ 2019 жылдың он айы ішінде 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға  берілген.
Шетелге ет экспорттайтын боламыз
Ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамыту бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін ірі қараны 1 миллион 100 мың басқа жеткізіп, қойдың санын 3 миллионнан асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде асылтұқымды ірі қара 440 мыңға жеткізілмек. Сондай-ақ, облыс тұрғындарының қажетін толықтай құс етімен қамтамасыз ету керек. Тұрғындардың етке деген сұранысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті шаруа қожалықтары Ресей, Үндістан, Өзбекстан рыногына ет экспорттайтын болады.
Мал басын көбейтудегі басты мәселе — мал азығы, жеп-шөп базасы жеткілікті болуы. Сол үшін де облыс аумағындағы  суармалы жерлер көлемін 100 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы мақсатта  облыстың су ресурстары әлеуетін арттырып, 32 су қоймасын салу  жоспарда тұр. Мұның ішіндегі 10 су қоймасы жергілікті бюджет есебінен іске асырылмақ.
Жолдар, жолдар…
Облыс әкімі атап өткендей, қазіргі уақытта  өңірдегі өзекті мәселе — автокөлік жолдарының жарамдылығы. 2020 жылы республикалық маңызға ие «Ақтөбе-Қандыағаш», «Ақтөбе-Орск» учаскесі жөнделіп, қалаға кіреберістегі оңтүстік айналма жолы толық аяқталады. Мұнымен қатар халықаралық өткізу пункттерін ашу жоспарланды. РФ шекарасындағы «Жиренқопа-Первомайское», «Союзный», Өзбекстан шекарасындағы Бозой пункттерін халықаралық маңызы бар өткізу  пунктіне  айналдыру жоспары тұр. Осылайша, алдағы жылы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен 43 миллиард теңге бөлініп отыр.
Ақтөбе қаласындағы автокөлік жолдарының ұзындығы — 651 шақырым. Оның 300 шақырымы асфальт-бетон жамылғылы. Жақында республикалық бюджеттен бөлінген 3 миллиард 650 миллионға 500 шақырым жергілікті жолдар жөнделеді.
— Жақында «Жайсаң-Сагарчин» бекетінде ауыр автокөліктер  тұрып қалып, бірнеше шақырымға  созылған кептеліс  пайда болды. Ұзақ кептелістер  «Жиренқопа-Первомайское», «Союзный», Бозой бекеттерін кеңейтуді күн тәртібіне қойды. Үш бекетті жаңарту, бір жағынан, әлгіндей кептелістерді болдырмаса, екінші жағынан, халықаралық дәліздің бойында кемпингтер ашып,   тұрғындардың шағын және орта бизнеспен шұғылдануына мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.
Инфрақұрылымдар
Ағымдағы жылы облыс тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету 95 процентке жетті. Биыл елді мекендерді ауызсумен жабдықтауға 2,7 миллиард  бөлінсе, 2020 жылы 6,8 миллиард теңгеге 22 елді мекенді ауызсумен  қамтамасыз ететін 27 жоба жоспарланды.
Өңір басшысы айтып өткендей, шалғайдағы елді мекендерді газдандыру әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Себебі, бұл үлкен қаражатты талап етеді.  2019 жылы  17 елді мекенді газбен жабдықтауға қосымша 2,5 миллиард теңге бөлінсе, 2020  жылы  27 жобаға 1.5 миллиард теңге қосымша бөлінеді.
Ақтөбеліктердің 89,4 пайызы газбен  қамтылған. Дегенмен  қалада газ тапшылығы жойылған жоқ. «Мұның бір жолын «Бұхара-Орал»  газ магистралін бұру арқылы  да өтеуге болады. Оның 3-желісін салу 40 миллиард теңгені қажет етеді» деп атап  өтті облыс басшысы.
Көкжиде. 8 өзен…
Көкжиде жерасты суы белдеуін қорғап, Құмжарған құмды массивін сақтап қалу үшін Ақтөбе облысы әкімдігінің қаулысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылды. Мақсат — Көкжиде жерасты және жерүсті суларын қорғау, жерасты суларына мониторинг жүргізу, мұнай қалдықтарымен ластануын тоқтату.  2020 жылы Көкжиде жерүсті және жерасты суларына мониторинг жүргізу жобасы ел Үкіметі тарапынан қолдау тапты. Мұндай жұмыс алдағы уақытта Ойыл ауданындағы Барқын құм алқабында да іске асырылмақ.
Оңдасын Оразалин қоғамда резонанс тудырған 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмыстарына да тоқталды.
— Қоғамдық резонанс пайда болуына байланысты Мемлекет басшысы ерекше тапсырма беріп, жұмыс тобы құрылды. Жоба өзгергенге дейін тазалау жұмыстары тоқтатылды. Ағаштарды есептеу керек, содан кейін жобаға өзгерістер енгізіледі,-деп түйіндеді облыс әкімі.
Сонымен қатар ол Ақтөбедегі өндірістік  қалдықтар мен  коммуналдық меншіктің кәріз тазарту жұмыстарын сапасыз жүргізуі себебінен пайда болған жағымсыз иіс мәселесіне де тоқталды. Бүгінде тұрғындарының саны  жарты миллионнан асқан қаланың коммуналдық жүйесін толық жаңартуға 16 миллиард теңге қажет. Өңір басшысының айтуынша, бұл жұмысты «халықаралық қаржы институттарының көмегімен инвестор тарту арқылы іске асыруға жоба әзірленіп жатыр. Ол келесі жылы аяқталады». Бұдан кейін ол тұрғындарды  жоғары жылдамдықтағы интернет байланысымен  қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек, мектептер құрылысына тоқталды. 2021 жылдың соңына дейін облыс тұрғындарының 93 пайызы жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етілмек.
Соңғы он айдың ішінде 10 жаңа мектеп салынса, жыл соңына дейін 3 мектеп құрылысы аяқталмақ. 2025 жылға дейін әр аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылады.