Сағи мен Тобыққа арналған кеш

Кеше Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрында ақын Сағи Жиенбаев пен жазушы Тобық Жармағамбетовтің 85 жылдық мерейтойларына арналған еске алу кеші өтті. Бұл шараға еліміздің әр түкпірінен келген ақын-жазушылармен қатар Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтің туыстары да қатысты. Кеш Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр артистерінің қос қаламгердің шығармалары бойынша өрнектелген әдеби қойылымымен ашылды.
Ең әуелі облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Ақтөбеде болып жатқан әдеби форумға қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, Сағи Жиенбаевтың зайыбы Уәзипа Жиенбаева мен қызы Қарлығаш Сағиқызына, Тобық Жармағамбетовтің қарындастары Әсем, Тілектес Жармағамбетоваларға құрмет көрсетіп, сый жасады:
—  Ақын-жазушы ағаларымыздың қолтаңбалары ұрпағымызға мұра болып, жалғасып жатыр. Сағи ағамыз даланы, туған жерін ерекше сезіммен жырлаған сыршыл ақын. Мұхтар Әуезовтің өзі Сағи ағамыздың шығармаларын жоғары бағалап, батасын берген. Ал поэзияны прозаға айналдырудың тамаша үлгісін көрсеткен Тобық ағамыз болатын.
Ақтөбе өңірінде әдебиет саласында іргелі жұмыстар жасалып жатыр. Осы жердегі қаламгерлер аймақ басшысына ұсыныс жасап, әдебиет төңірегіндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтқан болатын. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің басшылығымен бұл бағытта  үлкен жоспар жасалды. Ол турасында форум барысында толық айтып кетті. Әдебиетті ұлықтаған рухани шараға уақыт тауып келгендеріңізге алғыс білдіреміз. Осындай жанашыр азаматтар барда біздің ақын-жазушыларымыздың есімі ұмытылмайды, — деді Марат Тоқжанов.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Сағи мен Тобық шығармашылығы туралы сөз қозғады:
— Тобық Жармағамбетов 1957  жылы алғашқы шығармасын жазған, сол алпысыншы жылдары әдебиетке келген қаламгерлердің көшбасшысы болған. Бір шығармасымен-ақ әдебиет тарихында қалатын тұлғалар болады. Тобық Жармағамбетовтің «Отамалысы» әлем әдебиетіндегі жауһарлармен қатар тұратын шығарма, ол тұнып тұрған поэзия, қара сөзбен жырланған психологиялық драма.  Тобық Жармағамбетов жалғыз «Отамалысымен»-ақ қазақ әдебиі тарихынан ойып орын алатын тұлға.  Ал Сағи Жиенбаев ағамызды  қазақ поэзиясындағы эстетикалық поэзияның негізін салушы дер едім. Ол нағыз эстет ақын. Осындай қаламгерлерді еске алып, құрметтеп жатқан Ақтөбе өңірінің халқына, облыс басшылығына алғысымды білдіремін, — деді Ұ.Есдәулет.
Қос қаламгердің ұстазы, қадірлі ақсақал Ниетжан Берікұлы сөз алып, «қос жұлдызының, қос шәкіртінің» есімін ұлықтап жатқан қаламгерлерге алғысын білдірді.
Кеш барысында ақын Сағи мен жазушы Тобық өлеңдеріне жазылған әндерді өнерлі қос жұп Айнагүл мен Шынтас және Орал Қосай Байсеңгір орындады.