Ақтөбеліктер мемлекеттік қызметтерді тек онлайн алады

Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында карантин барысында елдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Ағымдағы жылдың 26 наурызынан бастап карантин және шектеу шаралары аяқталғанға дейін Ақтөбе облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары да уақытша жұмысын тоқтатты.
Ақтөбеліктерге бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы 59 қызмет және телеграмдағы «govkzbot2.0» боты арқылы 25 қызметті алуға болады.
Белгіленген қосымшаларда электрондық цифрлық қолтаңбасыз бір реттік пароль арқылы алу қолжетімді. Сонымен қатар, әлеуметтік сала бойынша зейнетақы, жәрдемақы, бір жасқа дейінгі жәрдемақы сияқты құжаттарды қазіргі таңда онлайн тапсыру қолжетімді. Жеке куәлік және төлқұжатты да онлайн рәсімдеуге болады. Жедел рәсімдеу онлайн түрінде қарастырылмаған, тек 15 жұмыс күн ішінде дайын болады. Сондай-ақ, азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаны жеке және заңды тұлғаларға онлайн ала алады.
«1414» және «1411» байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсетіліп жатыр. Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.
Бүгінгі күнге дейін байланыс орталығына 139574 қоңырау шалынып, азаматтарға кеңес берілді. 137234 бейнеқоңырау арқылы қызмет алып, 6 168 азамат мобильдік базаға тіркелді. Байланыс орталығы Қазақстан Республикасы бойынша кеңес береді.
30 наурыздан бастап Ақтөбе қаласындағы Тургенев, 109 мекен-жайдағы тек бір ХҚО дайын құжаттарды беру үшін бірыңғай терезе ретінде жұмыс істейді. Мұнда ақтөбеліктер онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижесін ала алады. ЕGov порталында қызмет нәтижесі қағаз түрінде берілетін 23 түрлі мемлекеттік қызмет бар.
Құжаттың дайын болу туралы хабарлама келеді, бүгінгі күнге дейін 9 579 дайын құжат берілді. Сондай-ақ облыстағы барлық халыққа қызмет көрсету орталығында дайын құжат беру терезесі жұмыс жасап тұр.
Мамандандырылған ХҚО-да да дайын құжаттарды беру терезелері ғана жұмыс істейді, онда автокөлігін қайта тіркеуге қойған немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырғандар дайын құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірін ала алады. Бүгінгі күнге дейін онлайн өтініш берген 144 автөкөлік нөмір, 431 жүргізуші куәлігі берілді.
Жүргізуші куәлігін жаңадан алу үшін емтихан тапсыру тек карантин біткеннен кейін ғана рәсімделеді, сонымен қатар автокөлікті салоннан немесе басқа да құжат негізінде тапсыратын қызметтерді ХҚКО жұмысы іске қосылғаннан кейін ғана тапсыра алады.
Жылжымайтын мүлік қызметтері мен заңды тұлғаларға қатысты қызметтерді бірыңғай байланыс орталығы арқылы кеңес алып, онлайн немесе нотариус арқылы тіркеу қолжетімді.
Қызмет алушылардың дайын құжаттарын беру жұмысына және бірыңғай байланыс орталығына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының барлық қызметкерлері тартылған. Олардың барлығы қорғаныс және дезинфекция құралдарымен жабдықталған. Қызметкерлер үйде және базалық қызмет көрсетуде.
Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін. Сенбі – сағат 9.00-14.00 аралығы.
Электрондық үкімет порталы арқылы қазіргі таңда баланың туу туралы куәлігі, қайтыс болу куәлігі және де басқа АХАТ қызметтері қолжетімді, дайын құжаттарын азаматтар Неке сарайынан алады.