Оңдасын Оразалин төтенше жағдай кезінде арнайы жиынға қатысқан әскерилерді  марапаттады

15 мамыр күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Құрашасай әскери базасында болды. Аймақ басшысы төтенше жағдай кезінде әскер қатарында болған азаматтармен кездесті. Аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, подполковник Әбдірахман Сәукенов облыс басшысына  әскери қатарға  шақырылған 162 әскери міндеттілердің атқарған жұмысын баяндады. Әскери бөлім базасының жеке құрамы  патрульдеу  және дезинфекция топтарына бөлініп, қоғамдық орындарда адамдардың  жиналмауын қадағалау, қала көшелерін, аулаларды, балалар ойын алаңдарын дезинфекциялаумен, сонымен қатар еріктілерден құралған үшінші топ инфекция шақтары анықталған  үйлерді залалсыздандырумен айналысқан. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 99235, 30238 әскери бөлімдерінің, Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, Ақтөбе гарнизонының әскери полиция бөлімінен атсалысқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлық табыстады. 5 азаматқа Сержант әскери шенін тапсырды.
«Сіздер отандастарыңыздың, жерлестеріңіздің алдындағы борыштарыңызға адал болдыңыздар. Араларыңызда өзіне қол салмақ болған жандарды құтқарып қалған ержүрек жігіттер бар. Індет ошағын залалсыздандыру жұмысында ортадан батылдық көрсетіп суырылып шыққан азаматтар бар. Міне осындай азаматтар бүгінгі күннің шынайы батырлары. Кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыздың ұрпақтары»-деді өңір басшысы. Облыс әкімі әскерилерге берілетін еңбекақыны ыждағатты берілуін тапсырды. Әскери бөлімнің жеке құрамы бұл жұмыстарды аяқтаған соң, медициналық тексерулерден өтті. Covid-19 коронавирусына сараптау-тестілерін тапсырған. Нәтижесінде барлық тест сынақтары  теріс нәтиже көрсетті.