Ақтөбе облысында медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары қабылдануда

Коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық жағдай облыс басшылығының қатаң бақылауында.
22 қыркүйек, сейсенбі күні өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен COVID-19 бойынша ағымдағы жағдайға байланысты сұрақтар талқыланды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Өңірде коронавирус індеті мен пневмонияның жаңа жағдайлары анықталған жоқ.
Осы аптада барлық провизорлық стационарлар жабылды, тек жұқпалы аурулар ауруханасы ғана жұмыс жасап тұр.
Бұған қоса күзгі толқынға дайындық шаралары жүріп жатыр.
«3588 төсек-орын дайындалып қойды, олар екі санатқа бөлінетін болады. Ақтөбе медицина орталығы мен фтизиопульмонологиялық орталық сияқты бірінші санаттағы мекемелерде 1040 төсек-орын, екінші санаттағы стационарларда 2548 төсек-орын қарастырылған. 305 реанимациялық кереует ашу жоспарда бар»,- деп баяндады Нұржауған Қалауов.
Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Қазан айында 187 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі деп күтіліп отыр, бір компьютер томографы, 13 стационарлық рентген аппараты, екі жылжымалы рентген аппараты, автономды оттегі стансасы мен КамАздың ішіндегі екі жылжымалы медициналық кешен, сонымен қатар басқа да құрал-жабдықтар сатып алынады.
Айта кетейік, 1547 төсек орынның 1438-і оттегімен, үш стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген.
Өңірдегі стационарлық автокөлік автопаркі 41 машинаға толығады, бұдан бұрын жеті жедел жәрдем көлігі сатып алынған болатын.
Стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс заттарының қажетті қоры бар.
Кадр мәселесі қалалық емханалардың, ауруханалардың қызметкерлері мен М.Оспанов атындағы БҚМУ-дің профессор-оөқытушылар құрамы есебінен шешілмек.
37 бақылау тобы карантин тәртібін бұзған 827 жағдайды анықтап, 699 материал қаралды, 55,3 млн теңге айыппұл салынды.
Жиын соңында Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне дайындық жұмыстарын жандандырып, тұмауға қарсы вакцина егу керектігі туралы еске салды.