Облыстық комиссия отырысы

Ағымдағы жылдың 14 қазанында Ақтөбе облысы әкімі орынбасарының төрағалығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.
Ұйымдастырушылар: Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы, Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы
Облыстық комиссия отырысына комиссия мүшелері, облыстық басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы және аудандар әкімдері, жоғары оқу орындары өкілдері қатысты.
Бағдарламаны жүзеге асырудың келесі кезеңіне өту мақсатында жаңа 4 арнайы жобаны жүзеге асыру туралы ішкі саясат басқармасының басшысы баяндама жасады.
«Туған жер» арнайы жобасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жергілікті меценаттардың қолдауымен жалпы сомасы 945 млн. 835 мың теңгеге 368 жоба іске асырылды.
Ірі жобалардың бірі меценаттардың қолдауымен 120 млн.теңге қаржыға Ақтөбе қаласында Есет батырға ескерткіш ашылды. «Ер Едіге» қоғамдық қорының демеушілігімен Едіге батырға 40 млн.теңгеге ескерткіш ашылды. Ақтөбеде жалпы құны 7 млн.теңгеге футбол мен баскетбол ойнауға арналған «Тәуке хан» спорт алаңы ашылды.
Ақтөбе облысының 97 тарихи және мәдени ескерткіштеріне бірегей және жекелеген QR-кодтар орнатылды.
Темір ауданы Тасқопа ауылының маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде археологтар алтын бұйымдармен әшекейленген сармат көсемінің қорғанын тапты. Табылған барлық заттар ҚР археология институтына зерттеуге жіберілді.
Комиссия отырысында бағдарламаны жүзеге асыру бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, білім басқармаларының басшылары және Байғанин ауданының әкімі баяндама жасады.
Мәжіліс қорытындысында «Жаңғырған сана-жаңа серпін» кітап-жинағының тұсаукесері өтеді.
Бұл кітап-жинаққа «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша зиялы қауым өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің ой-толғамдары мен Ақтөбе қаласы және аудандардың, облыстық салалық басқармалардың, жоғары оқу орындарының атқарылған жұмыстары туралы материалдар жинақталған.
Облыс әкімінің орынбасары бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыру тетіктері туралы айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға тартылған облыс аудандарының әкімдеріне, мемлекеттік мекемелердің басшыларына ұсыныстар берді.